ТӘЖІКСТАн
Беймәлім жоспар
Тәжікстан билігі электрлі көліктерге көшуді қызу қолдап отыр. Алайда істен шыққан көліктерді және ең алдымен аккумуляторларды қалай кәдеге жарататыны әзірге белгісіз.
Раджахмад Рафиев 5 айдан бері электромобиль жүргізеді. Ол Душанбедегі такси фирмаларының бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді.

Ол Қытайда жасалған көлікті 230 мың сомониге (21 мың АҚШ долларынан астам) сатып алған.
«Электромобильдің шығыны азс және қоршаған ортаға зиян келтірмейді», - дейді Раджахмад Рафиев.
Тәжікстанда көліктердің көпшілігі салыстырмалы түрде қымбат импорттық жанармай – сұйытылған газ және бензинмен жүреді. Қазір Душанбеде сұйытылған газдың бір литрі 6,5 сомони (0,60 АҚШ доллары), ал бензин 10 сомони (0,92 АҚШ доллары) тұрады.

Орташа алғанда жеңіл автокөлік 100 км-ге 10-11 литр сұйытылған газ немесе бензин жұмсайды. Ал, Раджахмад Рафиевтің айтуынша, электромобиль 50 сомониге (шамамен 5 доллар) 300 шақырым жол жүреді. Қыс мезгілінде автокөлік жылытқышын қосқан кезде жүріс 200-220 шақырымды құрайды.

Электромобиль аккумуляторында қалған энергия мөлшеріне қарай 40 минутта немесе 1 сағатта зарядталады.
«Қазір астанада қуаттау орталықтары көп және оған байланысты ешқандай қиындық жоқ», - деді Рафиев.
Ол көліктердің аккумуляторын қайта өңдеу немесе кәдеге жарату туралы әлі ойланбағанын айтады.
«Тәжікстандағы электр көліктерінің көпшілігі Қытайда жасалған және аккумулятордың қызмет ету мерзімі шамамен 5-6 жыл деп ойлаймын. Жапониядан немесе басқа елдерден әкелінетіндерге 25 жылға дейін кепілдік беріледі», - деді ол.

Ол қоғамдық көлік секторының басшылары электр көліктерінің аккумуляторларын пайдалану және кәдеге жарату кезінде қауіпсіздік шараларын қабылдайды деп үміттенеді.

Қосалқы бөлшектер мен автокөлік жөндеушілерге келетін болсақ, Рафиев электр көліктерін жөндейтін шеберханалар ашылғанын атап өтті. Дегенмен, электромобильдердің басым көпшілігі әлі жаңа болғандықтан әрі техникалық қызмет көрсету қажет болмағандықтан, өзі де әріптестері бұл мәселеге әзірге аса мән беріп жүрген жоқ.

Электромобильдер саны жыл ішінде екі есе өсті

Тәжікстан Көлік министрлігінің мәліметінше, тек 2023 жылдың өзінде елге 1,5 мың электромобиль немесе электрокар импортталған. 2022 жылы бұл көрсеткіш екі есе аз – 767 дана еді.

Болашақта Тәжікстан электрмен жүретін көліктер үлесін жалпы автомобильдер санының 20-30%-ына жеткізуді жоспарлап отыр. Мұндай шаралар “Электр көлігін дамытудың 2023-2028 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында жүзеге асырылуы тиіс.
Көлік министрлігінің мәліметінше, «бұл бағдарлама электромобильдерге қызмет көрсету технологияларын дамытуға бағытталған, жаңа жұмыс орындары ашылады және Тәжікстанның жанармай импортына тәуелділігі төмендейді. Сонымен қатар, электрлі көліктерге көшудің арқасында автомобильдер шығаратын парниктік газ шығарындылар көлемі азаяды».
Тәжікстан жаңартылатын энергия көздері қауымдастығының директоры Диловар Мамуровтың айтуынша, аталған бағдарламада электромобильдер әкелуде салық пен кедендік баж салығынан босату шаралары көзделген.
«Бұл өте жақсы. Бұл көлік бағасының төмендеуіне ықпал етеді», – дейді Диловар Мамуров.
Тәжікстанда 2022 жылы Салық кодексіне өзгертулер енгізілді, оған сәйкес электромобильдер импорты алдағы 10 жылда салықтардан, кедендік баждардан және акциздерден босатылады.

Өткен жылы Тәжікстан Қытаймен жылына 1500 электромобиль шығаратын электр көлігі зауытын салу туралы келісімге қол қойды.


Сондай-ақ Тәжікстанда электробустар шығаратын Akia Avesto Automatic Industry атты компания бар.

Сарапшылар не дейді?

Тәжікстан жаңартылатын энергия көздері қауымдастығының директоры Диловар Мамуровтың айтуынша, электромобильдер экологиялық таза және зиянсыз көлік.
«Батареяның қызмет ету мерзімі 10 жылдан асады. 10 жыл ішінде шығарындылар қаншалықты азаятынын есептеңіз», - деді Диловар Мамуров CABAR.asia сайтына берген сұхбатында.
Сарапшы атап өткендей, электр көліктерінде автокөлік шығарындыларын азайтуға көмектесетін катализаторлар бар. Бензин және дизель отынымен жүретін жеңіл көліктердің басым көпшілігінде (90 пайыз) мұндай құрылғылар жоқ.
Мамуров әр өндіруші өз көліктері үшін пайдаланатын электромобиль аккумуляторларының түрі өте көп екенін айтады.
«Олардың жұмыс істеу принципі бірдей, яғни олардың барлығы литий-ионды, ал айырмашылығы тек қызмет ету мерзімінде ғана», - деп түсіндірді ол.
Маманның айтуынша, Қытайда жасалған электромобильдерді қауіпті санау дұрыс емес.
«Әлемдегі автокөлік аккумуляторларының 90 пайызы Қытайда жасалған. Атап айтсақ, америкалық Tesla маркалы автомобильдерге арналған аккумуляторларды да қытайлық BYD компаниясы шығарады», - дейді сарапшы.
Диловар Мамуров атап өткендей, Қытайда электромобильдердің көптеген түрлері шығарылады және олардың сапасы бағасына қарай айтарлықтай ерекшеленеді.

Бұл ретте сарапшы электр көліктерінің қалдық аккумуляторларын қалай қайта өңдеу (кәдеге жарату) керек деген сұраққа жауап беруге қиналатынын айтты. Оның сөзінше, бұл үшін аккумуляторлардың қалай жасалатынын білу керек, бірақ өндірушілер бұл ақпаратты ашық жария етпейді.
«Батареяларды өндіру процесі өте ұзақ технология, өндіруші оны ашық жария етпейді», - деді Диловар Мамуров.
Аты-жөнін атамауды өтінген, табиғаттқорғау комитеті қызметкерлерінің бірі, CABAR.asia тілшісіне Тәжікстанда істен шыққан электр көліктерінің аккумуляторларын кәдеге жарату бойынша мемлекеттік бағдарлама жоқ екенін айтты.

«Бірақ біз қазір бұл мәселені зерттеп жатырмыз», - деді шенеунік.

Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген тәуелсіз сарапшының айтуынша, батареяларды қайта өңдеп, олардан жаңа өнім алу өте қиын.

«Батареялар пайдалы болуы оларды қайталама өңдеу мүмкіндіктерін зерттеуіміз керек», - деді сарапшы.
Бұл ретте ол аккумулятордың барлық бөлшегін, соның ішінде металл, пластик және кабельді қайта өңдеуге болатынын атап өтті.
«Қазіргі уақытта электр көліктерінің аккумуляторында қолданылатын кобальт пен никель әлемде электро велосипед, шам бағандарын жасауда, лифттердің қауіпсіздік жүйесінде және электр қуатын сақтау жүйелерінде қолданылады», - деді сарапшы.

Авторлар:

Анастасия Бенгард (Қырғызстан)
Элина Бекназарова (Өзбекстан)
CABAR.asia

Редакторлар:

Наталья Ли
Татьяна Трубачева
Лола Олимова
Гулафшон Сокиева
Марат Мамадшоев

Иллюстрациялар:

Насиба Каримова


Беттеген:

Манижа Бабакулова


© 2024